Жаңа заң ел қауіпсіздігі мен хақ дініміздің өркендеуіне жұмыс істейді деген үміттеміз – «Нұр Астана» Орталық мешітінің наиб-имамы Б.Мырзагелдиев

Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қаңтардың 18-і – Діндердің дүниежүзілік күні. Бұл күн БҰҰ-ның бастамасымен 1950 жылдан бастап, қаңтардың үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Әлемде кең тараған, мойындалған үш дін бар – ислам, буддизм және христиандық. Көп ұлтты Қазақстанда ислам дінінен бөлек 45 діни конфессия, 3 мыңнан астам діни бірлестіктер тіркелген. Осы атаулы күнге орай біз «Нұр Астана» Орталық мешітінің наиб-имамы Бейбіт Мырзагелдиевті сұхбатқа тартқан едік.

- Бейбіт Әліпбекұлы! Таяуда бір топ депутаттардың бастамашылығымен «Қазақстан Республикасының «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізген заң жобасы әзірленді. Онда ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан бірқатар мәселелер ескеріліп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан осы заң жобасына қатысты ұсыныстар болды ма?

- Бисмилләһир-рахманир-рахим. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылғы қаңтардың 15-інде Қазақстан Республикасында «Діни сенім бостандығы туралы» заң қабылданып, осы уақытқа дейін қолданылып келеді. Бертін келе, сол уақыттағы заман талабына, мемлекет пен қоғамның жағдайына сәйкес қабылданған Заңның шикі тұстары шыға бастады. Оған екі рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілгенімен, ол уақыт талабына толық жауап бере алған жоқ. Қазір Парламентте қаралып жатқан Заңға көптеген мамандар атсалысты, бұл үрдістен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да тыс қалған жоқ.

Қазақстан халқының 70 пайызға жуығы ислам жолында жүргенін ескерсек, халық діни сауаттылықты арттыратын оқулықтарға мұқтаж деп айтуға толық негіз бар. Осы орайда, ҚМДБ дін насихатын өрістету үшін Діни басқарманың заман талабына сай өз баспаханасы болса, сондай-ақ бала-бақшадан бастап, мектептер мен арнайы және жоғары оқу орындарында имани тәрбие пәні енгізілсе деген ұсыныстар жасады. Әдетте болашағы зор бастамалар қаржы тапшылығының салдарынан көп жағдайда тығырыққа тіреліп, бос әңгіме болып қалып жатады. Сондықтан біз діни-танымдық және ғылыми-практикалық конференцияларды өткізіп, қажетті кітапшалар, дискілер мен үнтаспаларды шығару үшін, шалғайдағы аудан, ауыл мешіттерінің имамдары мен молдаларына жалақы төлеп отыру үшін Материалдық қолдау қоры құрылса, құрдымға кетіп жатқан тарихи мешіттеріміз қайта қалпына келтіріліп, оларды күтімде ұстау үшін «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізілсе деген ойларымызды жеткіздік.

Ел экономикасы тұрақтанып, халқымыздың әл-ауқаты біршама жақсарғаннан кейін мұсылмандықтың бес парызының бірі – Мекке Мединада қажылық борышын өтеушілердің саны да жыл санап артып келеді. Осы орайда, ҚМДБ қажылық парыздарын өтеушілерге көмек қолын созу мақсатында елімізде қажылық миссиясы құрылып, оның тұрақты жұмыс істеуі үшін «Қажылық қоры» ашылса деген ұсынысын тағы түсірді.

Сондай-ақ бүгінде үй ішінен үй тігіп, асыл дініміздің атына кір келтіріп жүрген түрлі күдікті діни бірлестіктер мен жеке меншік мешіттер көптеп жұмыс істеп отырғандықтан, оларды тарқату, бағдарламалары мен іс-әрекеттерін мұқият сараптаудан өткізіп барып, Діни басқарманың ұсынысымен қайта тіркеуден өткізу, шетелден әкелінетін кітаптар мен бейне таспаларды шекарадан өткізбеу, тарап кеткендерін тәркілеу, дін атын жамылған миссионерлердің үй-үйді аралап, көшелерде діни кітаптарды таратуына мүлдем тыйым салу турасында нақты ұсыныстар жасалды. Сонымен қатар, қазір шет елдерден ағылған діни ұйымдар «Жер туралы» заңның берген мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отырғандықтан, жеке адамдардың қолында жүрген ғибадат орындарының жер актілерін қайта қарау қажет деген сынды уәждер де бар. Бұған қоса, миссионерлер мен секталарға Қазақстанда ғибадатханалар салуға рұқсат бермес бұрын, алдымен олардың сол аймақтың тұрғындарына қаншалықты қажеттігін анықтап алған жөн. ҚМДБ ондай діни ағымға мінажат етушілердің саны 10-15 мыңнан кем болмауы тиіс дегенді алға тартты.

Қысқасы, ҚМДБ өз ұсыныстары пен ой-пікірін білдірді. Бірақ келіп түскен барлық ескертпелер мен ұсыныстарды саралап, шешім қабылдайтын депутаттар. Біз жаңа заңда асыл дініміз бірінші орынға шығарылып, ислам және өзге діндер деп нақты ажыратылып айтылса дейміз.

Алып қарасаңыз, бір Астананың өзінде жұмыс істеп тұрған 60-қа жуық діни қауымдастықтың 4-еуі дәстүрлі ислам, 4-еуі - православ, 2-еуі иудаизм, 4-уі католиктік болса, қалған 31-і протестанттық бағыт ұстанатындар. Бұл басқа аймақтарды есепке алмағанда. Соған қарап Қазақстанды бірден протестанттардың елі деп түсінуге болады. Елімізді басынып, рухани қауіпсіздігімізге қатер төндіріп отырған күдікті дінсымақтардың Қазақстан халқын жырымдауына тыйым салынса дейміз.

- Қазақстанда жұмыс істеп отырған көптеген діни бірлестіктердің ішінде «ұлттық ислам» мен «ұлтсыз исламды» орнатқысы келетіндер және христиандықтың жаңа формаларын таратуды көздеген миссионерлер де өріп жүргені белгілі. Елімізде етегін кеңінен жайып үлгерген теріс пиғылды діни ағымдар жайында айтып берсеңіз?

- Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері бұрынғы кеңестік елдерге баса көктеп келіп жатқан шетелдік миссионерлер легі саябырсыған емес. Олардың 10-15 жыл ішінде атқарған қызметі өздерінше қомақты. Дүниежүзінде, оның ішінде Қазақстанда кең таралып, миллиондаған жұрттың санасын улап жүрген деструктивті топтар мен тоталитарлық секталардың нақты санын болжап айту қиын. Өйткені бір діни ағымның өзі бірнеше тармаққа бөлініп, бір-бірінен ерекшеленеді. Аллаһ Тағаланың рахымымен соңғы жылдары Исламның қарқынды дамуы мен мұсылмандар санының артқаны байқалуда. Әйтсе де Аллаһ Тағаланың рахымын қабылдамай, Қасиетті Құран мен хадистерге қайшы іс-әрекеттері арқылы ислам ілімі мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигізіп жүрген, ислам атын жамылған діни ағымдардың белсенділігі қынжылтады. Қолданыстағы заңға сәйкес діни бірлестіктер ресми тіркеуден өткеннен кейін әдебиеттерін таратса да, әл-ауқаты төмен адамдарға қа*қорлық көрсеткенсіп ақша үлестіру арқылы өз діндерінің қарамағына өткізсе де, топтасып зікір салудан бастап, басқа да діни жоралғыларын орындаса да ешқандай кедергі жоқ. Бұл мәселе бойынша білдірген ұсыныстарымызды жоғарыда атап өттім. Иншалла, жаңа заң ел қауіпсіздігі мен хақ дініміздің өркендеуіне жұмыс істейді деген үміттеміз.

Қазақстанда әсіресе, иегово куәгерлері, кришна санасы халықаралық қоғамы, Хизб-ут-Тахрир, баһаий, уахабилік немесе салафилік, маһдия, сопылық ағымдар мен басқа да протестанттық ұйымдар кең тараған. «Иегово куәгерлері» - христиандық бағытты ұстанған халықаралық діни ұйым. 2008 жылдың тамызында оның мүшелерінің саны әлем бойынша 7 124 443 адамды құраған екен. Қазақстанның өзінде «Иегово куәгерлерінің» 34 қауымдастығы жұмыс істейтінін ескерсек, ой топшылайтын жайттар аз емес. Иегово куәгерлерінің «Күзет мұнарасы» атты журналы әр жыл сайын әлемнің 134 тілінде 250-270 миллион данамен тарайды. Тек 1995 жылы «Алматы Таурат» лигасы әзірлеген «Киелі кітаптан жауаптар» қазақ тілінде 100 мың данамен басылған. «Баршаға арналған кітап», «Күзет мұнарасы», «Оян!» және басқа да мерзімдік басылымдары таратылуда.

«Кришна санасы» халықаралық қоғамы – үндістік-вайшнавтік діни қозғалыс. Оның негізі 1966 жылы Нью-Йоркте қаланды. Бүгінде бұл қозғалыстың дүниежүзінде 400-ден астам орталығы мен ғибадатханасы және 50 мектебі бар екен. Кришнаиттер де аз жылда талай қазақтың жас жігіттері мен қыздарын өз қарамағына қаратып үлгерді.

«Хизб-ут-Тахрир» - өз мүшелерінің санын көбейту мақсатымен партия атауына «ислам» сөзін қосып, Исламды бет-перде ету арқылы халифат құруды аңсаушы саяси партия. Хизбутшылардың шариғатқа қайшы келетін тұстары – қабір азабын теріске шығаруы, жалаңаш бейнелерді, суреттерді көруге рұқсат етуі, мұсылман емес азаматтар мен әйелдерді аталмыш партияға мүшелікке қабылдауы.

- Соңғы жылдары адалдық пен әділдікті, бейбітшілікті көздейтін ислам дінін әлемдік бейбітшілікке үлкен қауіп төндіруші лаңкестерді өндіретін дін ретінде көрсету үрдісі күшеюде. Сырт елдерден ағылған теріс пиғылды ақпараттар легінің астында қалып отырған азаматтарды, әсіресе жастарды түрлі діни секталардың жетегінен аман алып қалу үшін Діни басқарма нақты қандай іс-шаралар атқарып жатыр?

- Қазақстан Діни басқармасы да, өзге дін ұйымдары да іс-әрекеттерін заң шеңберінде жасап отыр. Оларды елге келтірмеу, не болмаса кітаптарын таратуға рұқсат бермей қою сынды шараларды атқару мемлекеттің құқығында. «Нұр Астана» Орталық мешітінде үгіт-насихат тобы құрылған болатын. Олар оқу орындарына барып дәрістер оқып, уағыздарын айтса, басқа діни ұйымдар да сол білім беру мекемелеріне барып өз уағыздарын жүргізеді. Біз өзге діндердің бет пердесін ашып, оның түбінде халықтың арасында іріткі салу мақсаты жатқандығын айтқаннан басқа, олармен күрес жүргізуге еш құқылы емеспіз. Өйткені олар да біз сияқты заң аясында жұмыс істеп отыр.

Бұл бағытта Діни басқарма «Ислам және өркениет» газетін, «Иман» журналын, көптеген басқа да оқулықтар мен кішігірім кітапшаларды шығарады. 2008 жылы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп түскен сауалдарға жауаптар жазылған «Пәтуалар» жиынтығының бір бөлігі жарық көрді. Онда жаназа шығару, ораза, зекет беру, қажылық жасау, құрбандық шалу, діни мерекелер, неке қию, діни ағымдар мен басқа да көптеген тақырыптар көтерілген. Алда Астана қаласының имамдары жұма күндері мешіттерде, оқу орындарында айтқан уағыздардың жиынтығы дүниеге келеді деп күтілуде. Айына үш рет шығатын «Ислам және өркениет» газеті 50 мың данамен жарық көріп, оның 6600-і Астанада тегін үлестіріледі. Шыны керек, бұл басылымдарды ұдайы шығарып отыру бізге оңайға түсіп жатқан жоқ.

Аллаға шүкір, соңғы он жылда асыл дініміздің тұғыры биіктеді. Дегенмен, алдында тұрған қиындықтары әлі де жетіп артылады. Негізінен әрбір иісі мұсылман мүмин, мен болайын, сіз болыңыз, кез-келген шенеунік пен кәсіпкер өз тарапынан ата-бабасынан дарып келе жатқан дініне қандай қа*қорлық көрсетіп, нендей пайдамды тигізіп жатырмын деп ойлануы керек. Сырт елден ағылған секталардың ықпалынан жастарымызды аман алып қалу үшін жалғыз Діни басқарманың атқарып жатқан шаруасы түк болмайды. Олардың мыңдап таратылып жатқан үнпарақтары мен әдебиеттеріне қарсы бізде сондай көлемде кітаптар шығару үшін демеушілерден қолдау керек. Күмәнді діндердің мұқабасы жалтырап, көз жанарын қызықтыратын басылымдары шетелден тұрақты түрде арнайы бөлінетін қаражаттың арқасында шығып отыр. Шыққан кітаптары әрбір қазақстандықтың бас-басына бір-бірден беруге жетерлік. Оның үстіне, оларда «оннан бір» деген ұғым бар. Яғни, ғибадатшы тапқан табысының 10 пайызын садақа ретінде ұйымға беріп отыруға міндеттеледі. Ал ислам дінінде ешкімге зорлық жоқ. Ислам дінін қолдаушы да, қорғаушы да бір Алла.

Қазір ұлық дін – исламға ұйығандар санының арту үрдісіне куә болып отырмыз. Олардың басым бөлігін жастар құрайды. Мешіттеріміздің есігі келемін деушілерге күні-түні ашық. Біз екі мәрте Конгресс-Холл сарайында Пайғамбарымыздың туған күні – Мәуліт күнін атап өттік. Жастар сарайында өзге де діни мерекелерге қатысты бірнеше мәрте жастармен кездесулер өтті. Сонымен қатар, Алматыдағы «Нұр Мүбәрәк» Египет-ислам университеті жыл сайын діни мамандарды шығарып отырады. Сол секілді республиканың бес аумағында – Астана, Шымкент, Шамалған, Орал және Павлодарда ашылған медреселер жүздеген шәкіртке білім беріп, болашақ имамдарды дайындайды. «Нұр Астана» мешітінің жанында ашылған медресенің өзінде 80 бала дәріс алады. Сонымен қатар, елордада 150 баланың діни сауаттылығын арттырып жатқан пансионат пен оңтүстік-шығыс шағын ауданында жұмыс істеп жатқан қыздар медресесі бар.